Абстракт
Мен Төлеу Шаханов атындағы мектепте оқимын. «Біздің мектепке неге Төлеу Шаханов есімі берілді? Ол кім?» – деген сұрақтар туралы көп ойлайтынмын. Төлеу Шаханов туралы мәлімет іздедім. Кітапханада бір кітапшасы ғана бар екен. Өмірбаяны қысқа жазылған. Ғаламтордан да іздедім, бірақ Т. Шаханов туралы ақпарат өте аз екен. Біз Төлеу Шаханов атындағы мектепте оқимыз, ал ол туралы аз біледі екенбіз. Оқып білейік десек, ақпарат аз. Мен осындай проблемаға тап болдым. 1999 жылдан бастап біздің мектеп Төлеу Шаханов атын иеленіп жүр. Төлеу Шаханов біздің мектепте оқыған екен. Біз жүрген дәліздермен жүріп, біз отырған сыныптарда отырған. Ғажап! Төлеу Шахановтай республикамызға белгілі ақынның оқыған мектебінде біздің оқып жүргеніміз, оның «менің мектебім» деп айтқанын біздің де «менің мектебім» деуіміз мақтан тұтарлық жағдай. Мен Төлеу Шаханов туралы, шынымды айтсам, бірнеше жыл бұрын ойланбайтын да едім. Соңғы уақытта өзіме аса таныс болмаған тұлға мені қызықтыра бастады. Мен оның фантастикалық шығармалар, өлеңдер жазғанын, аударма жұмысымен айналысқанын, тіпті оның өлеңдеріне ән жазылған сынып сағаттарынан, әдебиет сабағынан, дәліздегі ақынға арналған стендтен білуші едім. Ендігі мақсатым – мен оқып жүрген мектепке аты берілген ақын туралы неғұрлым көбірек білу және өзімнің білгенімді біздің мектеп оқушыларына насихаттау. Төлеу Шахановты біздің мектептің оқушылар, мұғалімдер ұжымы ғана емес, сондай-ақ, қала тұрғындары да осы Ереймен қаласында тұрып, қаламыздың жақсы атын елге таратқаны үшін мақтаныш етеді. Сондықтан біздің өз өлкеміздің жақсы даңқын шығарған жерлесіміз туралы білуге ұмтылуымыз – адамгершілік, азаматтық парыз. Содан кейін өзіме мақсат қойдым: Төлеу Шаханов туралы ақпарат жинау керек, оның шығармаларын талдау керек және мектеп оқушыларына сол мәліметтерді жеткізу керек. Мәлімет жинау барысында бұл тақырып зерттелмеген екенін көрдім. Бұған дәлел белгілі қазақ журналисі Жанат Елшібектің «Жұлдыз» журналында шыққан очеркі. Ол Төлеу Шаханов туралы жазу үшін онымен жерлес деген белгілі қаламгерлерден мәлімет сұрайды екен: Бәдуан Имашевтен, Жылқыбай Жағыпарұлынан, Сайлау Байбосыннан, Амангелді Жұмабектен, бірақ анық ештеңе таба алмапты. «Егемен Қазақстан» газетінде хатшы болып жұмыс істейтін ереймендік Раиса Жанайдарова Төлеу Шахановтың жұбайының телефон номерін тауып береді. Раиса апай телефон номерін менің жетекшім Тагиманова Қарлығаш Сеитовнадан алады екен. Қарлығаш Сеитовна – Раиса апайдың жиені. Ал Төлеу Шахановтың жұбайының телефонын Қарлығаш Сеитовна ол кісіден Ерейментауға Зейін Шашкиннің 100-жылдығы аталып өтілген кезде келгенінде алыпты. Төлеу Шахановтың жұбайы Зейін Шашкиннің қызы екен. Оның да есімі - Қарлығаш. Жанат Елшібек Қарлығаш апайдың телефонын тапқанына қатты қуанып, ол кісімен бірнеше рет телефон арқылы хабарласып, кейін «Жұлдыз» журналында Т. Шаханов туралы «Уақыттан озған қиялгерлер» атты мақаласы шығады. Бұл оқиға көтерілген тақырыптың зерттеуді қажет ететінін көрсетеді.....
8 сынып оқушысы
Крикунова Камила
Мұғалімі: Тагиманова Қ.С.